Жамбылдық құқық бұзушы көлігіне арнайы дыбыстық сигнал беретін құрылғы орнатып алған
Жамбыл облысының Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ғаламтор желілеріне мониторинг жүргізу барысында Жаңатас қаласында арнайы дыбыстық сигнал беретін құрылғы орнатылған автокөлікті анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дыбыстық сигналын қосып, көлік басқарғанын бейнекамераға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген жүргізушіні тәртіп сақшылары анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Оған қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 603-бабы 2-бөлігімен (Көлік құралына арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу не жедел және арнайы қызметтер автомобильдерінің арнайы түсті-графикалық схемаларын заңсыз жазу) хаттама толтырылып, заңмен рұқсат етілмеген құрылғы автокөліктен алынды.
23 жастағы аудан тұрғынына әкімшілік жаза тағайындалып ғана қоймай, полицейлер түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол өзінің қателігін мойындап, бассыздығы үшін тұрғындардан кешірім сұрады.
– Кейде жүргізушілердің арнайы белгілерді қызметтік көліктерге емес, қарапайым автокөліктерге орнатып алу фактілері кездеседі. Арнайы белгілерді тек ҚР Үкіметі бекіткен тізімге кіретін қызметтердің автомобильдеріне ғана орнатуға рұқсат етілген және олар жарқылдауық маяк пен арнайы дыбыс сигналын қосып жүргенде басқа көлік құралдары жол беруге міндетті. Ал басқа жағдайда арнайы белгілерді орнатуға рұқсат жоқ, ол үшін 15-тен бастап 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады, – деді Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Алметов.