Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Жәрдемақы алып беремін»: Түркістан облысында ауылдасын алдаған күдікті ұсталды

Түркістан облысының полицейлері жәрдемақы алып беремін деп ауылдасын алдаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын айтып шағымданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оған танысы 2021 жылдың қыркүйек айында мемлекеттік бағдарламалардың бірімен қолдау көрсету мақсатында 500 мың теңгеден астам ақша шығарып беремін деп сеніміне кірген. Содан жәбірленуші осы үшін алаяқ ер адамға 180 мың теңге берген. Ал танысы болса ақша алғаннан кейін әр нәрсені бір сылтауратып, уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармай әбігерге салған.

Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында Полиция басқармасында тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке-басын анықтады. Ол жұмыссыз, бұрын алаяқтық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған жергілікті тұрғын болып шықты. Ұсталған жас жігіт тұрғыннан алдау жолымен алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергені анықталды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары алаяқтықпен айналысқан ер адамның бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Аталған жайт Сайрам АПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру