Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордалық инспекторлар республикалық байқауда топ жарды

Елордалық полицейлер “Республикалық маңызы бар қаланың үздік учаскелік полиция инспекторы” республикалық байқауының жеңімпаздары атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған “Республикалық маңызы бар қаланың үздік учаскелік полиция инспекторы” және “кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі үздік учаскелік полиция инспекторы” атақтары бойынша өткізілген конкурстың қорытындысы шығарылды. Нұр-Сұлтан қаласы ПД “Алматы” аудандық Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Ұлан Жүнісбеков үздік учаскелік полиция инспекторы болып танылды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласы ПД “Есіл” аудандық Полиция басқармасының қызметкері Ұлбосын Мұсабекова үздік учаскелік полиция инспекторы атанды.

Байқау жеңімпаздары ҚР ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаевтың дипломымен, “Үздік учаскелік полиция инспекторы” төсбелгісімен және “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталды.

Конкурстың негізгі мақсаты – учаскелік полиция инспекторларының білімін, іскерлігін және дағдыларын жетілдіру, қызметтік іс-әрекетінің тиімділігін арттыру.

Байқау үш кезеңде өткізілді. Бірінші кезеңде конкурсқа қатысушылардың нормативтік-құқықтық актілеріне қатысты білімдері тестіленді. Екінші кезеңде қазылар алқасы сайыскерлермен әңгімелесу арқылы үздіктерді таңдады. Соңғы кезеңде іріктеуден өткен қызметкерлер ресми аккаунттар мен республикалық ақпараттық порталдарда онлайн-дауыс беруге қатысты.

Өткізілген жарыстың қорытындысына сәйкес 37 жастағы елордалық учаскелік инспектор Ұлан Жүнісбеков заң, атыс және дене шынықтыру дайындығы мен нормативтерді тапсырудан озып шығып, үздік нәтиже көрсетті. Ішкі істер органдарында 15 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан учаскелік полиция қызметкері өзіне бекітілген учаскені өте жақсы біледі, сондай-ақ, ол тұрғындармен тәулік бойы байланыста. Полиция капитаны халықтың құрметі мен сенімін басты кәсіби жетістік деп санайды.

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің қызметкері Ұлбосын Мұсабекова нормативтік-құқықтық базаның үздік кәсіби дағдылары мен білімін көрсетті. 31 жастағы полиция капитаны 2013 жылдан бері ішкі істер органында қызмет етіп келеді. Ұлбосын – еңбекқор қызметкер, екі жасар баланың анасы. Ол адасқан жасөспірімдерге уақытында көмектесуге тырысады.

“Ювеналды полиция инспекторы бұл жай ғана қызметкер емес, ол психолог, тәрбиеші. Ең бастысы балада жеке тұлғаны ашуға, түзету жолына түсуге және баламен сенімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін ерекшелікті табу”, – дейді Ұлбосын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру