Жарты жылдан бері іздеуде жүрген сотталған «Алматы-Өскемен» бағытындағы пойызда ұсталды
ШҚО-да «Пробация» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында пробация қызметкерлері алты айдан астам іздеуде жүрген сотталған азаматты ұстады. Көкпекті ауданының пробация қызметкерлері тәртіп сақшыларымен бірлесіп, «Пробация» жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші күнінде жарты жылдан бері іздеуде жүрген сотталған адамды ұстады.
Айта кетсек, 20 жастағы азамат 2020 жылы алаяқтығы үшін үш жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған. Бірақ сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін, ол пробация қызметіне есепке тұруға келмеген. Нәтижесінде оған іздеу жарияланған.
– Пробация қызметкерлері оны «Алматы-Өскемен» бағытындағы пойыздан ұстады. Ол қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамалды. Енді ол үш жыл бес ай мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деді пробация қызметкері Марат Төлепбергенов.