Жасөспірімдер арасындағы төбелес: бір бала пышақ жарақатымен ауруханаға түсті
Ақтөбе облысында жасөспірім 16 жастағы балаға пышақ салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
3 тамыз күні сағат 01:30-да Ембі қаласы ауруханасының қабылдау бөліміне белгісіз адамдар 16 жастағы кәмелетке толмаған баланы пышақ жарақатымен жеткізді.
Полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар өткізу барысында 16 жастағы жасөспірімді анықтап, ұстады.
Екі кәмелетке толмаған баланың арасында дау-дамай туындап, соның салдарынан біреуі екіншісіне пышақ жарақатын салғаны белгілі болды.
Аталған факті негізінде ҚР ҚК-нің 106-бабы 2-бөлігі (Қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция мен білім беру органдары болған оқиғаға себеп болған жағдайларды анықтау мақсатында тексеріс жүргізеді.
– Кәмелетке толмаған балалардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға болады, егер алдын алу жұмыстарына отбасы мен жақын адамдары тартылса, – дейді Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов.