Жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды
Түркістан облысының полицейлері 46 жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Келес аудандық Полиция басқармасы қызметкерлерімен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында профилактикалық іс-шара жүргізілді.
Аталған іс-шара аясында полиция бөліміне бірқатар кәмелетке толмағандар жеткізілді. Оның ішінде, сағат 22:00-ден кейін ата-анасының немесе заңды өкілінің ертуінсіз, ойын сауық орталықтарында жүрген 46 жасөспірім анықталды. Балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған, ойын сауық мекемелеріне бейберекет жіберіп қойған ата-аналарға қатысты айыппұлдар салынды.
Жалпы шара барысында құқық бұзушылыққа бейім бірнеше кәмелетке толмаған жасөспірім Ішкі істер органының есебіне алынды. Сондай-ақ ойын сауық орындарының иелеріне де ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабы (Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, жауапкершілікке тартылды.
Облыс полицейлері ата-аналарға өтпелі кезеңдегі ұл-қыздарыңызбен жақын қарым-қатынас орнатып, дос болыңыздар деп кеңес береді. Олардың араласатын ортасын бақылап отыру керектігін, оған қоса сағат 22:00-ден кейін кәмелетке толмаған балаларды заңды өкілінің ертуінсіз көшеге немесе ойын сауық орталықтарына жібермеуді ескертеді.