Жастар арасында полиция мамандығы бойынша сұраныс артып келеді
Қызылорда облысының Полиция департаментіне лауазымға тағайындалумен өндірістік практикадан өтуге келген ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 2020 жылғы бітіруші 12 курсанты қазіргі таңда республика көлемінде карантиндік режимінің жариялануына байланысты қорытынды мемлекеттік аттестаттауды қашықтықтан оқыту форматында «Платонус» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін қолдана отырып, онлайн режимінде тапсырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған шараны ұйымдастыруда ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына департаменттің Кадр саясаты басқармасы тарапынан барынша көмек көрсетіліп жатыр.
Ол үшін Департаменттің Жедел басқару орталығының конференц-залында компьютерлік сынып ұйымдастырылып, үздіксіз интернет байланыспен қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ, адалдық принципін сақтау үшін қорытынды мемлекеттік аттестаттауды өткізу кезінде Полиция департаментінің Тергеу, Жедел-криминалистика басқармаларынан және Өзіндік қауіпсіздік басқармасының тәжірибелі қызметкерлері қатыстырылады.
– Полиция саласына қатысты мамандыққа сұраныс артып келеді. Жастарымыз полиция қызметінде жұмыс жасауға бет бұрса деген ойымыз бар. Парасатты, ынтасы бар жас қызметкерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Ең маңыздысы халыққа қызмет жасайтын мамандықты дұрыс таңдап, жастардың патриоттық сезімін оятып, рухты ер адамдар болса деген тілегіміз бар, – деп қортындылады Полиция департаменті басшысының орынбасары Пазылбек Нәлібаев.