Жазасын өтеп жүрген сотталғандарға сыйлықтар табыс етілді
Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №10 мекемесінде жұмыс жасап жатқан сотталған әйелдердің жұмыс орындарында Аяз Ата және Қызыл телпек қыз кейіпкерлері келіп, жазалы әйелдерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тағдырдың талқысына төтеп беріп жүрген нәзік жандылардың көңілін көтеру мақсатындағы мерекелік іс-шараны сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің қызметкерлері мен Жауғашты ауылдық Кәсіптік-техникалық колледж мұғалімдері бірлесіп ұйымдастырды.
Сонымен қатар Жаңа жыл қарсаңындағы осындай көңілді мереке №57 мекемесінде де салтанатты түрде тойланды. Мерекенің мазмұнды өтуіне атсалысқан ұйымдастырушылар мен “Еңбек-Жауғашты” филиалының №3 учаскесі өндірістік аумағында жұмыс істейтін кәсіпорын басшылары сотталғандар ортасына Аяз ата мен Ақшақарды шақырып, түрлі қызықты ойындар ұйымдастырды. Сондай-ақ сотталғандар Жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды.
Жазалы әйелдер мен сотталғандарға көрсетілген мұндай ықылас олардың көңілін көтеріп қана қойған жоқ, келе жатқан 2024 жыл – ұлу жылында елеулі жетістікке жетуге деген ықыласын арттырып, жаңа серпін берді.