Жазасын өтеуші індеттің алдын алуға үлес қосып жатыр
Жазасын өтеушінің анасы ҚАЖ басшылығына алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/7 мекемесінде жазасын өтеуші Ерланның анасы Қалдыгүл Ешманова ұлының коронавирустың алдын алуға өз үлесін қосып, бір және бірнеше мәрте қолдануға болатын бетперде тігуді қолға алғанын айтады. Тігін ісін меңгеріп алған баласы қазіргі таңда “Еңбек Тараз” тігін цехында жұмыс істейді.
“Бүгінгі күні әлем жұртшылығы коровирустың алдын алудың қамын жасап жатқандығы белгілі. Біздің елде де індетті індетпеудің амалы қарастырылуда. Менің ұлым темір тордың ар жағында отырса да жаппай эпидемияға қарсы күресіп жатқан қазақстандықтарға көмек қолын созғысы келетінін жеткізді. Ол үшін мекеме әкімшілігі барлық қажет материалдармен қамтамасыз еткен. Мекеме қызметкерлері балам тігіп жатқан бетперделердің бір партиясын бізге де табыстады. Мен ол бетперделерді Түлкібас аудандық әкімшілігіне қарасты мекемелердің қызметкерлеріне үлестірдім. Ұлымның қоғамдық жұмысқа белсене араласқаны үшін мекеме әкімшілігінен алғыс хат та алдым. Жалпы, елдегі түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің игі іске жұмылдырылғаны қуантады. Бұл өз кезегінде жаза басқандардың тезірек түзелу жолына түсуіне өз септігін тигізеді. Осы тұста өңірлік ҚАЖ басшылығына және мекеме әкімшілігіне ризашылығымды білдіріп, ұлымның түзелу жолына түскендігін айтқым келеді, – дейді анасы.
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полицейлерді қорғаныс маскаларымен қамтамасыз ету үшін қылмыстық-атқару жүйесінің (ҚАЖ) түзеу мекемелеріндегі өндірістік базаны пайдаланып, бетперде тігуді тапсырған болатын. Қазіргі таңда елдегі түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер арнайы киімдермен жабдықталып бетперде тігіп жатыр.