Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Жеңілдетілген несие алып беремін»: алаяқ ұсталды

Түркістан облысының полицейлері «жеңілдетілген несие алып беремін» деп тұрғынды алдаған алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазығұрт АПБ жергілікті тұрғыннан арыз келіп түскен. Онда жәбірленуші танысының жеңілдетілген жолмен несие алып беремін деп сеніміне кіріп, алдап кеткендігін айтқан. Яғни «4 000 000 тенге несие шығарып беремін» деп 210 000 теңгесін алып, жоқ болған. Тұрғын полицейлерден басқа ешкім күдіктіні ұстай алмайтынын біліп, шағымданып көмек сұрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Күдіктіні ұстау мақсатында қазығұрттық қырағы полицейлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылып, жедел әрекет етті. Нәтижесінде ақпарат көздері арқылы күдікті анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің бұдан да басқа қылмыстық оқиғаларға қатыстылығы анықталады. Бас шарасы қолхатпен босатылды.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өзіңізге бейтаныс адамдарға сенбеуді, олардың заңсыз ұсынған ұсыныстарын қабыл алмауды ескертеді. «Жұмысқа тұрғызып беремін, мемлекеттік жәрдемақы, көмек алып беремін, кезексіз тірлігіңізді бітіріп беремін» деген сарында уәде беретін алаяққа сенім артпауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру