Жеңістің 74-көктемін көріп кеткен солдат
Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Polisia.kz редакциясы назардан тыс қалдырмайды.
Ұлы Отан соғысы кезінде отты жылдарды басынан кешіріп, жеңіс туы желбіреп, бейбітшілік заман орнаған уақытта ішкі істер органдарында қызмет атқарған ардагерлер де баршылық. Солардың бірі – жеңістің 74-көктемін көріп, өмірден өткен Асылхан Омарханов еді.
Еліміз егемендік алып, іргемізді бүтіндегенге дейін талай ұрыстарды басынан кешірді. Ұлтарақтай жері үшін қасық қаны қалғанша аянбай тер төгіп, майдан даласында бінеше ұрыстарға қатысып елдіктің туын жықпауға тырысты. Осы ұрыста қан кешіп, туған жердің топырағы бұйырмай кеткендері қаншама.
Қиын кезеңді басынан кешіріп, елімізге бейбіт заман орнаған тұста Ішкі істер органында қызмет атқарған Асылхан ата Омарханов 1924 жылдың 20 ақпанында Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданы, Үштөбе ауылында дүниеге келген. Бойында жастықтың оты жалындаған жас жігіт небары оныншы сынып оқып жүрген уақытта 1942 жылдың қазан айының 15 жұлдызында әскер қатарына алынып, ерте кезден қиын өмірге араласқан. Әскер қатарына алынған сол кездегі барлық жасты Бренск қаласында снайперлікті оқытып Асылхан ата мергендік саласында жетік меңгеріп шыққан. Сөйтіп ол Орлов-Курск доғасындағы Курскті, Брянскіні, Сомоленскіні азат ету шайқастарына белсене араласқан.
Көрсеткен ерлігі үшін сол кездің өзінде ардагер ата «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
«Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін біздерді бірден елге қайтарған жоқ. Өйткені соғыс оты сөнгенімен жас сарбаздарды Остров-Догадағы шекараға жіберіп, сол жерде шекара қызметінде жұмыс істедік. Менің таудай талабым ба, жоқ әлде бармақтай бағым ба, Аллаға мың тәубе, 1942-1945 жылдардағы нәубет кездерде жарақаттанғаным жоқ. Тек осы шекарада жүрген уақытта бас бармағыма оқ тиіп, аздап жарақаттанғаным болмаса», – деген еді ардагер көзі тірісінде.
Отты жылдарды басынан кешірген қарияға туған жердің топырағын сүйу тек 1950 жылдың сәуір айында бұйырған. Елге оралғаннан кейін алдымен туған жері Алматы облысына келіп, кейін жолдамамен Саран қаласының ішкі істер бөлімінде бес жыл арнайы комендантурада коменданттың көмекшісі болып қызмет атқарады. Бірақ бойында күш жігер жалындаған жастығы барда Асылхан ата бұл саладан учаскелік полиция инспекторы лауазымына өтеді. Бұл қызметте жүргенде Асылхан Омарханов өзінің кәсіби шеберлігімен білімінің арқасында «Қарағанды облысының үздік учаскелік уәкілі» құрметті атағын жеңіп алады.
«Үздік учаскелік атағын мен осы салада қызмет атқарып жүргенде барлық обылыстың тәртіп сақшыларының ішінде ең алғаш иеленгендердің бірімін. Қызмет барысында жүргенде Дубовка қаласындағы дүкендердің бірінде ұрлық болып, бізге сол қылмысты ашу жүктелген болатын. Ол кезде бәрімізге белгілі еліміз енді есін жиып, тәй-тәйләп келе жатқанда дүкен сөрелеріндегі заттардың жоғалуы едәуір шулы болатын. Міне, менің осы қылмыстық істі сауатты ашудағы еңбегім үшін, менің қызметімді бағалап, осы атақты бергені бар»,-деген еді Асылхан ата.
Омырауы орденге толы ақсақал сүйген жарымен отбасында екі қыз бір ұл тәрбиелеп, солардан бес немере, үш шөбере сүйді. Атаның парасатты ақылын тыңдап, үлгісін көрген ұл-қызынан тараған немерелерінің алды да ата жолын қуып ішкі істер саласында қызмет атқарып жатыр. Тоқсаннан асқан ардагер көзбен көргендерін сөзбен айтып жеткізе алмаса да,жанарынан анық байқауға болады. Кезінде бір әкеден екі ағайынды болған қарт ардагер елге қайтқанда туғанынан айрылып, жалғыз оралғанын қаншама уақыт өтсе де көзіне жас үйіріп, есіне алғаннан басқа қолдан келер шарасы қалмаған.
Елімдеп жүрегі соғып, ұлтарақтай жерімізді сақтап қалған аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында біз Отан соғысының оқ бораған даласында қаза тапқандардың рухтарына бас иіп, тағзым етеміз.