Жер қойнауын заңсыз пайдаланғандар анықталды
Сайрамдық полицейлер жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық Полиция басқармасының полицейлері күнделікті қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын, қауіпсіздікті сақтаумен қатар, табиғатқа залал келтіріп, тау-тасты заңсыз пайдаланатындарды анықтап, жауапқа тартуда. Мәселен Сайрам АПБ-на «102» сымтетігі арқылы ТО Су инспекциясынан Ақсукент ауылына қарасты Ақсу өзенінің бойында белгісіз адамдар заңсыз жер қойнауын пайдаланып қазып жатқандығы жайлы хабарлама келіп түскен.
Аталған хабарлама бойынша Сайрам АПБ-ның жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Тексеру барысында жергілікті екі тұрғын «Huyndai» маркалы жүк тиегіш және «Камаз» маркалы жүк көліктерімен заңсыз тау тасын алып жатқаны анықталды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 334-бабы (Жер қойнауын өз бетінше пайдалану) бойынша тіркелді. Жер қойнауын заңсыз пайдаланбақ болған құқық бұзушылардың бас шарасы келу туралы міндеттеме. Бұрын сотты болмаған. Көліктер айыптұрағына қойылды. Қазіргі таңда жинақталған іс-құжаттары заңды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша экология департаментіне жолданды.
Аталған заңды тарқатып айтар болсақ, ҚР ҚК-нің 334-бабына сәйкес жер қойнауын өз бетінше пайдалану, сол сияқты пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру, келтірілген залал көлеміне қарай – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сондықтан Түркістан облысының полицейлері мұндай заңсыз әрекеттер жасамауға кеңес береді. Құрметті тұрғындары, жер қойнауын заңсыз пайдалануға тыйым салынады! Осындай құқық бұзушылықтарға куә болған жағдайда «102», нөміріне хабарлаңыздар.