Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бірнеше көлікті ұрлап, сатып жіберді

Түркістан облысының полицейлері өзгенің көліктерін жымқырған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ-не Тәжікстан Республикасының азаматы арызданады. Ол өз арызында 2020 жылдың мамыр айында Қапланбек шекара бекеті маңындағы автотұраққа қойып кеткен тоғыз дана автокөліктерін белгісіз адамдар сату мақсатында ұрлап кеткенін көрсеткен. Осылайша жәбірленуші арада бірнеше айлар өткеннен кейін, көліктері жоқ екенін біліп, полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайтты полицейлер АПБ-не ҚР ҚК-нің 189-бабы бойынша тіркеді.

Сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін жымқырған күдіктілерді ұстау мақсатында аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Көрген-білгендерден сұрастырды. Кешенді шұғыл-іздестіру шараларының нәтижесінде жедел уәкілдер күдіктілердің жеке-басын анықтады. Олар жәбірленуші көліктерін сеніп тапсырып кеткен автотұрақта жұмыс жасаған әйел мен оның ұлы болып шықты. Полицейлер қылмыс жасап, жасырынған күдіктілерді Қазығұрт ауданындағы туысының үйінен тауып, ұстады. Күдіктілер Сарыағаш АПБ-не жеткізілді. Өз кінәларын толық мойындады.

Тергеу барысында анықталғандай 2019 жылы алаяқтық жасап, 3,5 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеуге сотты болған тұрғын қайта қылмыс жасаған. Анасын көндіріп, көліктердің алтауын Шымкент қаласында бес миллион теңгеге сатып жіберген. Ал, қалған көліктерді Сарыағашта бөлшектеп 2,5 миллионға өткізген. Ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап жіберген. Сонымен күдіктілер, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы бөтеннің мүлкін жасырын жымқырып, ҚР ҚК-нің 188-бабында көрсетілген қылмысты жасаған.

Сондықтан аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 189-бабынан, 188-бабына қайта дәрежеледі.

Күдіктілер қамауға алынды. Айғақты зат ретінде көліктер алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру