«Жер учаскесін алып беремін»: Шымкентте төрт адамды алдаған алаяқ анықталды
Шымкентте төрт адамды алдаған алаяқ анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қазанда Шымкент қаласы Полиция басқармасына жергілікті төрт тұрғын келіп, алаяқтың құрбаны болғанын айтып арызданған. Тұрғындардың айтуынша, бейтаныс азамат олардың сеніміне кіріп, жер учаскесін алып беремін деп ақшаларын алдап алған
Ер азамат жәбірленушілерден жұмыс ақысы үшін 200 мың және 2 000 000 теңге аралығында қаражат алған. Алайда бүгінгі күнге дейін уәде етілген жері де болмаған, не қаражаттарын кері қайтармаған.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша тіркеуге алған. Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жергілікті тұрғын анықталып, тиісті басқармаға жеткізілген. Қазіргі уақытта азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын 4 720 000 мың теңгені құрап отыр.