Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жертөледен электросамокат ұрлаған ер адам ұсталды

Қарағандыда көпқабатты үйдің жертөлесінен электросамокат ұрлаған күдікті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

16 қаңтар күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Киров полиция бөліміне 47 жастағы азаматша хабарласып, белгісіз біреулер өзі тұратын үйдің жертөлесінен құны 305 мың теңге тұратын электросамокатын ұрлап кеткені туралы арызданған.

Оқиға орнында тексеріс жұмыстарын жүргізген полиция қызметкерлері жертөле есігін кілті бар адамның ашқаны туралы болжамға келді.

Қылмысты ашу бойынша жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында “ізін суытпай” 27 жастағы көрші үйдің тұрғыны анықталды. Ол ұрлық болған үйдегі тұрғындардан жертөленің кілтін алып жүрген және онда не тұрғанынан хабары болғаны белгілі болды. Ұрланған зат күдіктіден тәркіленіп, иесіне қайтарылды.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру