Жетісай тұрғынының атына туыс ағасы заңсыз несие рәсімдеген
Жетісай тұрғынының атына туыс ағасы заңсыз несие рәсімдеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келді. Жас келіншектің айтуынша, оған банктердің бірінен 900 мың теңге көлемінде қарызын төлеу керек екені туралы хабарлама келеді. Алайда ешқандай несие алмағанын айтқан тұрғын полицейлерден көмек сұрады. Келіп түскен ақпарат бойынша полицейлер тез арада әрекет етіп, тұрғынның атынан несие алған күдіктіні анықтап, оны ұстауға бағытталған барлық шараларды іске асырды.
Нәтижесінде жәбірленушінің атынан тауарлай несие алып, қарыз еткен туыс ағасы болып шығады. Ол қарындасының сеніміне кіріп, оның ұялы телефоны арқылы түрлі телефондарға тапсырыс беріп, банк рұқсат бергеннен кейін өзінің мекенжайын жазып, алаяқтық жасағаны белгілі болды.
Сонымен қатар күдікті ер адамның бұдан басқа жеті жайтқа қатысы бары белгілі болды. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі – 7 миллион теңге.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, полицейлер оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтап жатыр.