Жетісайда тұрғындардың велосипедін ұрлап, пайда көрген ер адам ұсталды
Түркістан облысының полицейлері тұрғындардың велосипедін ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай аудандық полиция бөліміне Қазыбек би ауылының екі тұрғыны арызданады.
Жәбірленуші ер азаматтардың айтуынша, түнгі уақытта олардың тұрғын үйінің ауласында тұрған велосипедтерін белгісіз біреу ұрлап кеткен. Осылайша жәбірленушінің біріне 25 мың теңге шығын келсе, екінші тұрғынның 36 мың теңгелік велосипеді ұшты-күйлі жоқ болған. Алайда жәбірленушілер велосипедтері ұрланған сәтте полицияға хабарласпай, өздіктерінен 10 күндей іздеп, жүріп алған.
Содан өздері таба алмағаннан кейін барып, полицейлердің көмегіне жүгінген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынып, полицейлер іздестіру жұмыстарын бастап кетеді.
Бөтеннің мүлкін ұрлаған күдіктілерді тез арада ұстау мақсатында жедел-тергеу тобы шұғыл әрекет етті. Куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексерді. Тәртіп сақшылары велосипед сатылатын, сондай-ақ басқа да ұрланған заттардың болуы мүмкін орындарды мұқият аралап шықты. Жан-жақты жүргізілген шаралардың нәтижесінде, ұрланған велосипедтің бірін сатып алған тұрғын анықталды. Аталған тұрғыннан жауап алу барысында күдіктінің жеке басы анықталып, бір тәулік ішінде ол тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Аудандық полиция бөліміне жеткізілген тұрғын өз кінәсін толық мойындады. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті ұрланған екі дана велосипедтің бірін төрт мың теңгеге сатып үлгерген. Полицейлер ұрланған велосипедтерді айғақты зат ретінде алып, заңды иелеріне қайтарды. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өздерінің бағалы заттарына абай болып, сақтық шараларын қолдануды ұсынады. Бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Мүмкіндігінще үйлеріңізге бейнебақылау камераларын, дабылқақыш қондырығысын орнатыңыздар.
Егер, сіз, ұрлық қылмысының құрбаны не куәгері болсаңыз, уақыт өткізбестен, бірден полицияға хабар беріңіз. Бұл әрекет қылмыстың ізін суытпай ашуға ықпал етеді.