20 жылдық тәжірбиесі бар шымкенттік ювеналды полиция инспекторы марапатталды
20 жылдық тәжірбиесі бар шымкенттік ювеналды полиция инспекторы марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Асия Алиева Ішкі істер министрінің «Алғыс хатын» алды.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрақтылық пен тыныштық жолында қызмет етіп жүрген ержүрек полицей Ішкі істер саласында 2002 жылдан бастап еңбек етіп келеді.
Асия Рахматтуллақызының басты міндеті – кәмелетке толмағандардың арасында құқықбұзушылықтың және балалардың қадағалаусыз, қараусыз қалуының алдын алу. Полиция майорының сөзінше жастармен жақсы қарым-қатынас орнату үшін олармен досы сынды сырласа білу керек дейді.
– Жасөспірімдермен жұмыс жасай отырып, олардың досына айналуға тырасам. Көзқарастары мен ой-пікірлеріне құрметпен қараймын. Сондай-ақ оларға заң талаптарын, заңға қайшы жасалған теріс қылықтардың зардаптарын, олар үшін көзделген жауапкершіліктер туралы жиі түсіндіремін. Кез-келген азамат жауапкершілік туралы білген сәтте, теріс қылыққа бармауға тырысады, – дейді Асия Алиева.
Полиция майоры әрбір ата-анадан өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасауын сұранады. Бүгінгі жастар ертеңгі ел келешегінің тізгінін ұстайтын азаматтар. Сондықтан жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда қоғам болып жұмылу маңызды дейді.