Жетісайлық полицейлер адасып жүрген баланы отбасымен қауыштырды
Жетісайлық полицейлер адасып жүрген баланы отбасымен қауыштырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-нің полицейлері күндізгі уақытта Жетісай қаласы көшелерінің бірінде кішкентай баланың жалғыз жүргенін байқап қалды. Содан оның жанына барып, бүлдіршіннің ата-анасын, мекенжайын сұрады. Алайда 3-4 жас шамасындағы кішкентай бала тек өз есімін білетін болып шықты. Баланың адасып қалғанын түсінген полицейлер жедел оның үйін, ата-анасын табуға кірісті. Ювеналды полиция тобының қызметкерлері баланы қызметтік көліктеріне отырғызып, жақын маңдағы тұрғын үйлерді аралап, сұрастыру жұмыстарын жүргізді.
Тыңғылықты жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, тәртіп сақшылары жарты сағат ішінде баланың ата-анасын анықтап үлгерді. Кішкентай баланы үйіне апарып, ата-анасына аман-сау қайтарды.
Белгілі болғандай, ата-анасы да аулада ойнап жүрген баласын таппай, әбігерге түсіп жатқан екен. Іздеп жүрген баласын полиция қызметкерлері үйіне аман-сау жіткізгеніне қуанған ата-ана, полиция қызметкерлеріне алғысын айтты. Әсіресе, іздестіру жұмыстарының басы-қасында жүріп, баласын үйіне жеткізген ЮПТ-нің қызметкері Ерғали Байменовке ризашылығын білдірді. Осыған байланысты тәртіп сақшылары тұрғындарға өз балаларын үнемі бақылауда ұстау керектігін түсіндірді.