Жетісайлық полицейлер тұрғыннан травматикалық тапанша тәркіледі
Жетісайлық полицейлер тұрғыннан травматикалық тапанша тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-ның полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде қару ұстап жүрген тұрғынды анықтады. Аталған жайт бірден ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша тіркелді.
Яғни, полицейлер жүргізген жедел жұмыстардың нәтижесінде, күдіктіден қару мен үш оқ-дәріні тәркілеп алды. Дәлел ретінде алынған қаруға сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тапаншаның трамватикалық қару екені белгілі болды. Күдікті өз сөзінде қаруды өткен жылдың мамыр айында Алматы қаласының көшелерінен тауып алғанын айтты.
Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады. Жетісай ауданының полиция қызметкерлері күдікті ер адамның басқа қылмыстық жайттарға қатысы бар-жоғын тексеруде.