Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық полицейлер қаңтар оқиғасына қатысты 6 қылмыстық істі сотқа жолдады

Түркістандық полицейлер қаңтар оқиғасына қатысты алты қылмыстық істі сотқа жолдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков мәлімдеді.

– Түркістан облысы ПД тергеушілерінің, сондай-ақ қала, аудандық полиция бөлімшелерінің іс жүргізуінде облыс бойынша төтенше жағдай кезінде тіркелген 17 қылмыстық іс болды. Оның ішінде алты тонау, үш бұзақылық, екі заңсыз қару сақтау дерегі, екі есірткі заттарын сақтау фактісі,  бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша бір, көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бір, ТЖ кезінде жұмысқа кедергі жасаумен бір жайт анықталды. Тергеушілер аталған істер бойынша дәлелдемелер жинау үшін ауқымды әрі тыңғылықты жұмыстарды жүргізді, – деді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары А.Қалдарбеков.

Тәртіп сақшылары 20-дан астам күдіктіні ұстап, қамауға алды. Олардың ішінде Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 14 тұрғын блок-бекеттерде ұсталған. Тергеушілер 14 күдіктіге қатысты сегіз қылмыстық істі Алматы қаласының Полиция департаментіне жолдады. Ал алты қылмыстық іс бойынша жиналған материалдар айыптау актісімен бірге сотқа жолданды.

– Мысалы, жаппай көтерілістен кейін 8 қаңтарда облыс орталығының Ынтымақ блок-бекетінде тәртіп сақшылары ішінде екі жолаушысы бар Yutong автокөлігін тоқтатты. Жолаушылар жергілікті тұрғындар. Олардан үш телефон, бес фотоаппарат, ноутбук, 11 алтын бұйым, жаңа киім мен аксессуарлар, сондай-ақ 200 мың теңгеден астам ақша тәркіленді. Күдіктілердің айтуынша, олар тәркіленген мүлікті Алматы қаласындағы көшелердің бірінде орналасқан тұрмыстық техника дүкені мен зергерлік дүкеннен жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу барысында ұрлаған. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі (Тонау) бойынша тіркеді. Күдіктілер қамауға алынған. Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары Алматы қаласының прокуратурасына жолданды.Сол күні жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Шардара ПБ-нің полицейлері Түркістан облысы бойынша ҰҚКД қызметкерлерімен бірге Шымкент қаласындағы тәртіпсіздіктерге қатысқан жергілікті тұрғынды ұстады. Тінту кезінде жедел уәкілдер ұсталған адамның үйінен жалпы салмағы шамамен 9 келі болатын марихуана есірткісін, ИЖ автоматын, 30 патрон мен үш жиналмалы пышақты тапты. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) мен ҚК-нің 274-бабы 4-бөлігі (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша тіркелді. Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу материалдары айыптау актісімен бірге Шардара ауданының сотына жіберілді, – деп атап өтті А.Қалдарбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру