Жетісайлық жігіт жездесінің үш қошқарын ұрлап кеткен
Жетісайлық жігіт жездесінің үш қошқарын ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, түнгі уақытта оның тұрғын-үйінің ауласына белгісіз біреулер кіріп, қорасынан үш бас қошқарын ұрлап кеткен. Яғни, жәбірленушіге 180 мың теңге шығын келген.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.
Күдіктіні анықтау мақсатында жетісайлық тәртіп сақшылар оқиға орнына барып, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде, полицейлер бейнежазбалардан күмәнді көлікті тауып, күдіктіні ұстады. Ол жәбірленушінің қайын інісі болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті ер адам бұл қылмысты танысымен бірге жасаған. Яғни, күдікті жездесінің үйінде ақыға жұмыс істеген. Алайда туыстар арасында ақшаға қатысты түсінбеушілік туындаған. Ал қайын іні ақшаның орнына деп жәбірленушінің қошқарларын жымқырып кеткен.
Анықталғандай, күдікті екеу өзінше билік ету жолымен алған малдарды сатып, ақшасын жаратып жіберген.
Аталған жайттың мән-жайын анықтаған полиция қызметкерлері істі ҚР ҚК-нің 389-бабымен (Өзінше билік ету) саралап, тіркеуге алды. Қазіргі таңда екі күдіктіге қатысты жинақталған құжаттар сотқа жолданған.