Жетісу облысы ПД бастығы Панфилов ауданына жұмыс сапарымен барды
Жетісу полициясының бастығы Арман Саданов облыс әкімімен бірге ҚХР-мен шекаралас Панфилов ауданына жұмыс сапарымен барып, қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етудегі мәселелерге тоқталып, өңірдегі жедел жағдайға жалпы баға беріп өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
А.Саданов атап өткендей, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері барлық мемлекеттік органдардың тиімді өзара әрекеттесу нәтижесінде ғана шешіледі.
Облыстық полиция департаментінің басшысы аудандағы қылмыстық ахуалға кері әсерін тигізетін жекелеген мәселелерге баса назар аударды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық құқық бұзушылықтың алдын алудағы учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысы және азаматтардың хабарламалары мен өтініштеріне уақытылы ден қоюы мәселелеріне тоқталды. Ювеналды полиция инспекторларының жұмысына қатысты күрделі ескертулер жасады. Сонымен қатар облыстың бас полицейі құқық бұзушылықтарды тіркеуге және оларға жедел ден қою мақсатында қоғамдық орындар мен көшелерге, сондай-ақ елді мекендерге кіре беріс/шыға берістеріне бейнебақылау камераларын орнату қажеттілігін атап өтті.
Арман Саданов жұмыс сапары барысында аудандық полиция бөлімінде болып, материалдық-техникалық жарақтандырумен танысып, бірқатар қызмет басшыларының баяндамаларын тыңдады. Бұл ретте қарамағындағыларға жұмыста жіберілген кемшіліктерге бас назар аударуды тапсырып, салдарынан бұрын құқық бұзушылықтың себептерін анықтауды талап етті.
– Біз тек қана тәртіп пен асқан жауапкершілік арқасында ғана қызметімізде оң нәтижеге жете аламыз. Әрбір қызметкердің тиімділік коэффициентін зерттеу қажет. Әсіресе, бірінші кезекте халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін қызметкерлердің жұмысын бағалау керек. Азаматтарды хабардар етіп, олардың бойында қылмысқа «мүлдем төзбеушілікті» тәрбиелеу қажет. Қоғам арасында құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын жүзеге асыру керек. Тіпті елеусіз болса да, құқық бұзушылыққа жол берген азаматтардың жазасыз қалуы болашақта құқық бұзушылықтар мен жалпы қылмыс санының өсуіне себеп болады, – деп атады А. Саданов.
Сонымен қатар ол қылмыстың бір орында тұрмайтынын, сол үшін полиция қызметін үнемі жетілдіруді талап ететінін атап өтті.
– Тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, кез келген құқық бұзушылыққа қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін қалыптастыру және жазаның бұлтартпаушылық қағидатын іске асыру үшін құқық бұзушылықтардың алдын алудың барлық субъектілері өз құзыреттері шегінде барынша күш біріктіруі тиіс. Тек бірлескен күш-жігердің нәтижесінде ғана қылмысты жеңуге болады, – деп түйіндеді А. Саданов.