Жетісу облысында ауыл тұрғынынан 2 келіден астам гашиш тәркіленді
Жетісу облысында есірткі сатқан ауыл тұрғыны ұсталды. Ер адамнан 2 келіден астам гашиш және марихуана тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы облыстық прокуратураның үйлестіруімен “Қарасора – 2023” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тағы бір есірткі сатушыны ұстау бойынша арнайы операция жүргізді.
Ескелді ауданының ауылдарының бірінде 35 жастағы тұрғын есірткі сатқаны анықталды.
– Соттың санкцияланған рұқсатына сәйкес үй ауласындағы сарайды тінту кезінде Симба есімді қызметтік-іздестіру иті скотчпен оралған полиэтилен пакетін тапты, оның ішінде ерекше иісі бар жасыл түсті ұнтақ зат болды. Өткізілген сараптама бұл жалпы салмағы 2 келі 522 грамм гашиш екенін көрсетті. Сонымен қатар үйді тінту кезінде 6,81 гр марихуана табылды, – деді Жетісу облысы ПД ЕҚҚІҚБ бастығы Мұрат Жұмабаев.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті қамауға алынды.