Жетісу облысында есірткі қылмысы әшкереленді
Сарқан ауданы полициясының жедел қызметкерлері аудан аумағында 19 жастағы жас жігіттің есірткі заттарын сақтау және өткізумен айналысып жүргені туралы жедел ақпарат алды. Аталған мәліметті тексеру мақсатында жедел-іздестіру және тергеу шаралары ұйымдастырылып, бақылаулы сатып алу жүргізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Нәтижесінде күдікті полиэтилен пакетке салынған, өзіне тән иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес белгісіз затты тапсырған. Жүргізілген сараптама бұл заттың салмағы 35 граммнан асатын кептірілген марихуана екенін растады.
Күдікті қамауға алынып, қазіргі уақытта оған қатысты тергеу амалдары жалғасуда.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, үйлесімді әрі жедел әрекеттің арқасында есірткі заты заңсыз айналымнан алынып қана қоймай, өзге азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін қылмыстың алдын алу мүмкін болды.
"Жеңіл ақшаға" қызыққан жас жігіт осылайша өз болашағына балта шапты. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүлкін тәркілей отырып, бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бұл жағдай полицияның есірткі қылмысына қарсы күресінің жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар жастармен профилактикалық жұмыс жүргізу, олардың саналы таңдау жасауына ықпал ету – қоғамның қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтаудағы басты бағыттардың бірі болып қала бермек.
