Жетісу облысында көші-қон заңнамасын бұзған 170 шетелдік азамат ұсталды
Текелі қаласында құрылыс объектісінен заңсыз жұмыс істеген 15 мигрант ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Жетісу облысының полицейлері “Заңсыз келуші” профилактикалық іс-шарасының аясында көші-қон заңнамасы бойынша бұзушылықтарды анықтауды күшейтті. Үш күн ішінде облыста 243 адам жауапқа тартылды, оның ішінде 170 шетелдік азамат.
Текелі қаласының құрылыс объектілердің бірінде жүргізілген рейд барысында көрші мемлекеттің 15 азаматынан тұратын топ ұсталды. Шетелдіктердің ешқайсысы еңбек қызметін жүзеге асыруға қандай да бір рұқсат құжатты көрсете алмады. Осыған байланысты әрбір ұсталғанға қатысты жинақталған материалдар соттың қарауына жіберілді. Тиісінше сот тәртіп бұзушыларға жаза қолдану немесе елден шығару туралы шешім қабылдауы керек. Оларды жұмысқа қабылдаған 37 жастағы азаматқа үлкен ақшалай айыппұл салынды.
– Сот шешімімен көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 7 шетел азаматы елден шығарылды. Жеке басын анықтау мен растауға қатысты құжаттарының жоқ болуына және тағы да басқа мәселелерге байланысты 47 шетелдік азамат қабылдау-бөлу пунктіне орналастырылды. Жергілікті тұрғындардың біріне заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдік бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деді көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ерлан Райымбеков.