Жетісу облысында мал ұрлығына қарсы бақылау күшейтілді
Жетісу облысында мал ұрлығына қарсы бақылау күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында ауыл тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі саналатын мал ұрлығына қарсы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Биылдың өзінде 31 мал ұрлығы қылмысы әшкереленіп, 27 күдікті ұсталды. Олардың ішінде төрт ұйымдасқан қылмыстық топ бар. Мал иелеріне 158 бас төрт түлік қайтарылды.
Полиция департаментінің мәліметінше, мал ұрлығына қарсы іс-қимыл – басым бағыттардың бірі. Бұл жұмысқа криминалдық полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар және жедел әрекет ету бөлімшелері жұмылдырылған. Дегенмен, тәртіп сақшыларының айтуынша, мал ұрлығының бір бөлігі ауыл тұрғындарының қараусыз жайылым мен қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамауынан орын алып отыр.
Қылмыстарды әшкерелеумен қатар, алдын алу шаралары да жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері құжатсыз мал тасымалдаудың 200-ге жуық дерегі анықталған. Енді мұндай тексерістер, оның ішінде мал базарларындағы бақылаулар да ветеринарлық қызметпен бірлесіп тұрақты түрде өткізілмек.
Алдағы малды жазғы жайылымнан қыстауға көшіру кезеңінде ұрлық қаупі күшейетіндіктен, полиция тарапынан бақылау шаралары айтарлықтай арттырылады. Ал профилактикалық жұмыстар үздіксіз жүргізіле бермек.
Құқық қорғау органдары мал иелеріне малды таңбалау мен паспорттау, қора-қопсыны бекіту, жарықтандыру орнату және бейнабақылауды пайдалану қажеттігін ескертеді.
– Малды сақтау – ортақ міндет. Полиция азаматтардың мүлкін қорғау үшін барлық шараларды қабылдап отыр, алайда ауыл тұрғындарының да жауапкершілік танытуы маңызды, – деп атап өтті полиция департаментінде.