Жетісу облысында полицейлер шартты түрде босатылған азаматқа әлеуметтік көмек беруде
Жетісу облысында полицейлер шартты түрде босатылған азаматқа әлеуметтік көмек беруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында республикалық "Жаңа жол" акциясы өтіп жатыр. Акция аясында Жетісу облысының Ескелді ауданында полиция қызметкерлері, аудандық жұмыспен қамту бөлімі, мансап орталығы, аудандық аурухана, пробация қызметі және прокуратура өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шара полиция есебінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматтың тағдырына арналды.
Кездесудің мақсаты – ресми мәліметтерді талқылау ғана емес, өмірін өзгертуге қадам жасаған адамға қолдау көрсету болды. Күн тәртібінде жұмыспен қамту, кәсіби бейімделу және әлеуметтік қолдау мәселелері қаралды. Әрбір қатысушы ер азаматтың қоғамда өз орнын табуына, сенімін нығайтып, жаңа өмірге аяқ басуына өз үлесін қосты.
Мұндай бастамалар – жай ғана формальді шара емес. Бұл – әрбір қателіктің артында оны түсініп, түзелуге және өмірін жаңадан бастауға қабілетті адам тұрғанын дәлелдеудің мүмкіндігі. "Жаңа жол" акциясы – әркімге дұрыс бағыт таңдауға мүмкіндік бар екенін және оған сенім білдіретін жандар табылатынын білдіретін сенім нышаны.
Жетісу облысында полицейлер "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыруды жалғастыруда. Бұл қағида – заң мен тәртіптің тек қызмет ұстанымы ғана емес, сонымен бірге өмірін қайта бастағысы келетіндерге тірек болу екенін көрсетеді.