Жетісу облысында полицейлер студенттермен жүздесті
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жатақханаларында мазмұнды және ерекше форматта нашақорлыққа қарсы акция өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кешкі уақытта, бейресми жағдайда студенттер Жетісу облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, "Қос қанат" қоғамдық бірлестігі және Облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігерімен кездесті.
Акцияның басты мақсаты — тек есірткінің зиянын еске салу емес, жастарға оның салдарының қаншалықты ауыр және қайтымсыз болатынын нақты әрі шынайы жеткізу. Мамандар есірткіге тәуелділік қалай пайда болатынын, заманауи синтетикалық заттардың қаншалықты қауіпті екенін және заң бұзған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғанын қарапайым тілмен түсіндірді. Бұл – құрғақ насихат емес, фактілерге негізделген шынайы әңгіме болды.
Жалпы кездесуден кейін мамандар студенттердің бөлмелерін аралап, әрқайсысымен жеке сөйлесті. Бұл — өмір мен таңдау туралы ашық сұхбат: еркін және сау болу ма, әлде бір сәттік әлсіздікке бой алдыру ма?
Акцияның қорытынды бөлігінде интерактивті ойын ұйымдастырылып, жастар белсенді қатысып, нашақорлықтың себеп-салдарын талқылап, мәселенің шешу жолдарын іздеді. Ақырында, барлығы ортақ пікірге келді: денсаулық пен саналы таңдау — уақытша елестерден әлдеқайда құнды.
Іс-шараға барлығы 267 студент қатысты. Әдеттегідей басталған кеш — есірткіге қарсы мықты иммунитет қалыптастыру жолындағы маңызды қадамға айналды.