Жетісу облысында полиция есептегі азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Көксу ауданында полиция қызметкерлері есепте тұрған адамдармен кешенді профилактикалық іс-шаралар өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мұндай жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Есептегі адамдарға кімдер жатады?
Бұл санатқа кәмелетке толмағандар, қадағалаудағылар, шартты түрде сотталғандар, қоғамдық немесе түзету жұмыстарына тартылғандар, сондай-ақ жаза өтеуді немесе үкімді орындауды кейінге қалдырғандар кіреді. Бұдан бөлек, қорғау нұсқамасы шығарылған, бос уақытын шектеу немесе мінез-құлқына арнайы талаптар қойылған азаматтар да есепке алынады.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мұндай азаматтардың тұрмыс жағдайын және тәртібін тексеріп, заңды бұзудың салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Дегенмен, барлығы бірдей өзіне жүктелген міндеттерді орындамаған. Талаптарды елемеген екі құқық бұзушы арнайы қабылдау-тарату орнына жеткізілді.
Профилактика қайталама құқық бұзушылық пен қылмыс деңгейін төмендетуде маңызды рөл атқарады. Есептегі адамдармен жұмыс тек бақылауға ғана емес, сонымен қатар олардың әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсетуге, ықтимал қылмыстың алдын алуға бағытталған.