Жетісу облысында қару айналымы саласындағы құқық бұзушылықтар үшін 37 адам жазаланды
Жетісу облысында қару айналымы саласындағы құқық бұзушылықтар үшін 37 адам жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10-12 ақпан аралығында Ақсу және Панфилов аудандарында Жетісу полицейлерімен «Қару» профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Үш күн ішінде 27 шаруа қожалығы мен жайылым учаскелері, сондай-ақ 375 азаматтық қару иелері тексерілді.
Азаматтық қару айналымы саласындағы түрлі бұзушылықтар үшін 37 азамат жауапқа тартылды.
Оның ішінде 16 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы бойынша (Азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзу), 19 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 486-бабы бойынша (Азаматтық, қызметтiк, марапаттық, коллекциялық қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу) және 2 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы бойынша (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы).
Айналымнан 19 атыс қаруы алынды, оның біреуі тіркелмеген.
– Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді заңсыз сақтаудың екі фактісі анықталды. Олардың бірі Панфилов ауданында, жергілікті тұрғын өзінің жайылым учаскелерінде 16 калибрлі ИЖ аңшылық мылтығын заңсыз пайдаланған. Сондай-ақ, патрондарды тәркілеп алу фактісі Ақсу ауданы Еңбек ауылында тіркелді, – деп хабарлады облыс ПД ӘПБ лицензиялық-рұқсат беру жүйесінің басшысы Әлім Жапаров.
Профилактикалық іс-шаралар аймақтың басқа аудандарында да жүргізілетін болады. Іс-шара азаматтық және қызметтік қару иелеріне бақылауды арттыруға бағытталды.