Жетісу облысының денсаулық сақтау қызметкерлеріне интернет-алаяқтықтан қорғану жолдары айтылды
Жетісу полицейлері облыс орталығындағы медициналық мекемелердің қызметкерлеріне интернет-алаяқтық туралы айтып, өздерін және жақындарын алаяқтардың айла-амалдарынан қалай сақтау керектігін түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Интернет-алаяқтық бүгінгі таңда біздің қоғамдағы негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Алаяқтар сенгіш азаматтарды алдаудың барған сайын күрделі тәсілдерін ойлап табуда.
– Осындай фактілердің алдын алу мақсатында біз халықтың барлық топтарымен профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатырмыз, – деп атап өтті ПД КПБ бастығының орынбасары Мәди Бағдат.
Кездесу барысында денсаулық сақтау қызметкерлеріне тақырыптық жадынамалар мен кітапшалар беру арқылы алаяқтардың ең көп қолданатын айла-амалдары және олардан қалай қорғану керектігі туралы егжей-тегжейлі айтылды.
– Алаяқтар жоғары технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, дауыстарын, тіпті сыртқы келбетін өзгертіп, бейнебайланыс арқылы қоңырау шалып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстыру жағдайлары жиілеп кетті. Сондықтан қазір екі есе мұқият болып күмәнді қоңырауларға сенбеу керек, – деді М. Бағдат.
Өңір полициясы азаматтарды қырағы болуға және алаяқтардың айла-амалдарына түспеуге шақырады. Барлық сақтық шараларын қолданып өз капиталыңызды қорғаңыз.