Жетісу облысының полицейлері мемлекетаралық іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады
Жетісу облысында ұрлық, тонау және алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде жүрген ұры-рецидивист ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер Талдықорған аумағында бірқатар қылмыстар жасады деген күдікпен екі ай бұрын мемлекетаралық іздеуге жарияланған, бұрын бірнеше рет сотталған 35 жастағы ер адамды ұстады.
Іздеуде жүрген адам құқық қорғау органдарынан мұқият жасырынып, бір жерде екі күннен артық тоқтамай, елді мекендерді жиі ауыстырып отырған. Алайда қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел қызметкерлері оның соңғы орналасқан жерін анықтап, ұстай алды.
– Күдіктіні ұстау бойынша арнайы шара Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылында өткізілді. Қазір ол Талдықорған қаласының полициясына жеткізіліп, қамауға алынды. Ұсталған адамға әзірге 4 пәтер ұрлығы, 2 алаяқтық және 2 тонау бойынша айып тағылып отыр. Ауыл дүкеніндегі бір тонауды қоспағанда, барлық қылмыстар облыс орталығында тіркелген. Әрбір факт бойынша қылмыстық іс қозғалды және дәлелдік базаны жинақтау жүргізілуде, – деді Жетісу облысы ПД КПБ бастығы Қайрат Журунов.
Облыстық полицейлер жыл басынан бері әр жылдары мемлекетаралық іздеуде жүрген 11 қылмыскерді ұстады.