Жетісу полицейлері “Динамо” ДШСҚ-мен бірлесіп 200-ден астам баланың қатысуымен мерекелік іс-шара өткізді
Жетісу полицейлері “Динамо” ДШСҚ-мен бірлесіп 200-ден астам баланың қатысуымен мерекелік іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
“Бүкіл әлем – балалардың бақыты үшін!” республикалық марафоны аясында Жетісу полицейлері “Динамо” ДШСҚ-мен бірлесіп 200-ден астам баланың қатысуымен мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Олардың арасында жас спортшылар, кадет сыныптарының тәрбиеленушілері, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің балалары болды.
Ойын-сауық бағдарламасын қамтыған іс-шара “Динамо” спорт кешенінде өтті. Концертте жас әншілер ғана емес, халықаралық аренада облыстың намысын қорғаған гимнасттар командасы да өз өнерлерін көрсетті. Облыстық полиция департаментінің арнайы жасақтары қонақтар алдында қоян-қолтық ұрыстың элементтерін қолдана отырып, әсерлі шоу ұсынды. Саптық дайындықты, сондай-ақ Калашников автоматын шебер меңгеруді қалалық мектептердің кадеттері көрсетті.
Іс-шараны ұйымдастырушылар тек концерттік бағдарламамен шектеліп қана қоймай, балаларға түрлі шығармашылық конкурстар, спорттық эстафеталар, дартс, армрестлинг және пневматикалық қарудан ату жарыстарын ұйымдастырды. Облыстың белді спортшылары қонақтарға бокс пен самбодан шеберліктерін көрсетті. Балалар асфальттағы сурет байқауында өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін аша алды. Әр номинация бойынша жеңімпаздарды жүлделі сыйлықтар күтіп тұрды. Марафонның барлық қатысушыларына естелік сыйлықтар табысталды.
– Бүгін шынымен де барлық қонақтарымызға қуаныш сыйлаған ауқымды шара ұйымдастырылды. Біз үшін ең жақсы сыйлық – балалардың жүзіндегі күлкі және олардың бақытты көздерін көру. Олардың жүздерінен күлкі кетпей, жадырап шалқып жүру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Барлығы біздің қолымызда!, – деді Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Талант Жұмабек.
Марафонның мәресінде балалар түрлі тәтті тағамдар мен сыйлықтардан тұратын фуршет дастарханынан дәм ауыз тиді.