Қазақстан полицейлері Иорданияда өткен Азия чемпионатында топ жарды
Қазақстан полицейлері Иорданияда өткен Азия чемпионатында топ жарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
21–26 мамыр аралығында Иорданияның Амман қаласында өткен джиу-джитсудан Азия чемпионатында Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері жоғары нәтиже көрсетті.
Оқу-жаттығу взводының аға инспекторы Қуандық Есенеев 94 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Бұл — оның халықаралық деңгейдегі алғашқы алтын медалі емес, алайда Азия чемпионатындағы жеңісі — спорттық жолындағы үлкен жетістік.
Ал 94 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен оқу-жаттығу взводының полиция аға лейтенанты Дәурен Ауданбаев күміс жүлдегер атанды. Ол финалдық белдесуде шеберлік пен төзімділік танытып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.
Айта кету керек, джиу-джитсу — тәртіп пен шыдамдылықты, мықты дене дайындығын талап ететін жекпе-жек өнері. Бұл жетістіктер Жетісу полицейлерінің тек қызметте ғана емес, спортта да үздік екендіктерін дәлелдеді.
Жетісу облысы полиция департаменті чемпиондарды құттықтап, олардың жеңісі жас қызметкерлерге үлгі болатынын атап өтті. Мұндай жетістіктер – ішкі істер органдарының абыройын арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға да серпін береді.