Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу тұрғыны отбасылық досының атына жасырын түрде несие ресімдеген

Жетісу облысының полицейлері отбасылық досының атына жасырын түрде бір миллион теңгеден астам несие ресімдеген тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қаратал ауданының тұрғыны отбасылық досының сенімін асыра пайдаланып, смартфоны арқылы миллион теңгеден астам сомаға несиелер мен онлайн-қарыздар рәсімдеген.

– Жәбірленуші адам малшы болып жұмыс істеп күнін көреді. Смартфонның функционалын пайдалану дағдыларын меңгермегендіктен ол жақын досының жұбайына жүгінген. Соңғысы оған кейбір қосымшаларды орнату үшін жеке куәлігі қажет деп сұрап алған. Сол сәтті пайдаланып, алаяқ әйел тіркелу үшін қажет деп жәбірленушіні бірнеше рет бейне-верификациядан өтуін сұрап, оның атына онлайн несиелер мен қарыздар рәсімдеген, – деп атап өтті Қаратал АПБ бастығының орынбасары Арман Сұлтанов.

Айта кететін жайт, әйел адам қылмыстық ойын мерзімді түрде жүзеге асырған, жәбірленуші олардың үйіне қонаққа келген сайын, ол әртүрлі сылтауларымен смартфонын тексеру қажет деп алып, жаңа несиелер рәсімдеген.

Жәбірленуші банк қызметкерлері оған байланысқа шығып несиелерді өтеу мерзімдері өтіп кеткенін айтып, төлемақы жасау керегін хабарлағанға дейін өзінің қарыздары туралы білмеген.

Қаратал аудандық соты алаяқ әйелді кінәлі деп танып, оның төрт кәмелетке толмаған балаларының болуын, сондай-ақ жәбірленушіге келтірілген залалдың толық өтелуін ескере отырып, пробациялық бақылауды орнатумен, екі жыл бас бостандығына шектеу жазасын тағайындады.

– Құрметті азаматтар, сіздерден смартфондарыңызбен жеке құжаттарыңызды бөгде адамдарға бермеуіңізді сұраймыз. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін онлайн-қарыз беру қызметін өшіріп тастаңыз, ол үшін ұялы телефонға «Egov mobile» қосымшасын жүктеп, тіркелу қажет. «Қызметтер» тізбесіне «бас тарту» сөзін жазып, «банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» функциясын таңдаңыз, – деп толықтырды А. Сұлтанов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру