Жетісуда балалар лагерінде нашақорлыққа қарсы түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Жетісуда жазғы лагерьлерде нашақорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында жазғы маусым басталғалы бері өсіп келе жатқан жас ұрпақ арасында нашақорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Маусым айынан бастап барлық балалар лагерінде жасөспірімдердің есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өтуде. Осындай іс-шаралардың бірі — Текелі қаласындағы "Жетісу" балалар лагерінде өткен "Нашақорлыққа жол жоқ!" акциясы болды.
Шараға Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, облыстық нашақорлықтың алдын алу кеңесінің мүшелері және азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Атап айтқанда, блогер Х.Галимжанов "Жақсылық жаса" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Х.Қусанова, облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері Т.С. Мұхамеджан және Талдықорған политехникалық колледжінің түлегі З. Құрмашева.
Демалушылар үшін спорттық эстафеталар, танымдық викториналар мен тақырыптық байқаулардан құралған мазмұнды мәдени-танымдық бағдарлама ұсынылды. Жасөспірімдермен тікелей тілдесуге ерекше көңіл бөлінді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі жасөспірімдерге заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы, есірткінің зияны мен құқық қорғау органдарына сенім білдіру қажеттігі туралы түсіндірме жұмысын жүргізді. Кеңес мүшелері жастардың есірткіге бейімделу себептерін, психологиялық тәуелділік пен психобелсенді заттарды қолданудың кері әсерлерін ашық талқылады.
Кездесу соңында балаларға зиянды әдеттерден аулақ болу, спортпен айналысу, қызығушылықтарын дамыту және өзін қолдайтын, жағымды орта қалыптастыру жөнінде пайдалы кеңестер берілді. Іс-шара қорытындысында барлық қатысушыға естелік сыйлықтар табыс етілді.