Жетісуда полиция профилактикалық іс-шаралар өткізіп жатыр
Жетісу облысында полицияның профилактикалық жұмыстары мереке күндерінен кейін де тоқтаған жоқ. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу – құқық қорғау органдарының басты басымдықтарының бірі болып қала береді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаинов тиімді профилактикалық жұмыстың қалай жүргізілуі керектігін жеке үлгісімен көрсетті. Талдықорған қаласында өңірдің бас полицейі азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шараларға тікелей қатысты.
Жүргізілген жұмыстар барысында бірнеше бағытқа ерекше назар аударылды. Полицейлер жаяу жүргіншілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау, жолды тек белгіленген жерлерден кесіп өту қажеттігін еске салды.
Сонымен қатар жеңіл және жүк көліктерінің жүргізушілерімен де профилактикалық әңгімелер өткізілді. Оларға жылдамдық режимін сақтау, жолда мұқият болу және жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстанудың маңызы түсіндірілді.
Бұдан бөлек, полицияның арнайы есебінде тұрған азаматтарға да ерекше назар аударылды. Олармен құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғам алдындағы жауапкершілік туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
– Профилактика – қауіпсіздіктің негізі. Полиция мен қоғам бірлесіп жұмыс істеген кезде көптеген құқық бұзушылықтың алдын алып, өңірдегі тыныштықты сақтауға болады, – деп атап өтті Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаинов.
Жетісу облысында профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
