Жезқазғанда алаяқ танысын алдап, интернет арқылы ақшасын жымқырып кетті
Жезқазғанда алаяқ танысын алдап, интернет арқылы ақшасын жымқырып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 мамырда 51 жастағы қала тұрғыны Қарағанды облысы, Жезқазған қаласының ПБ-на хабарласып, белгілі бір адам оның атынан 840 мың теңгеге несие алғанын айтты.
Құқық бұзушылықтың мән-жайын анықтай отырып, полиция күдіктінің банктердің бірінің интернет-қосымшасынан ақша алғанын анықтады. Бұл ретте ол жәбірленушінің деректерін пайдаланған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті, өз кінәсін мойындаған 33 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол өтініш берушінің жақсы танысы болып шықты.
ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.