Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері көліктен 700 грамнан астам марихуана тапты

Түркістан облысының полицейлері көліктен 700 грамнан астам марихуана тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының полицейлері “Ғасыр дерті” саналған нашақорлықты жою, есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, болдырмау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы бағытта күні-түні қызметте жүретін Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен есірткіні сату, сақтау, өткізу сынды қылмыс түрлері анықталып, кінәлілер жауапқа тартылуда.

Мысалы, полицейлерге Төлеби ауданының тұрғынының бірі есірткі сатумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түседі. Осы бойынша жан-жақты іздестіру шаралары жүргізіледі. Нәтижесінде күдіктінің жеке-басы, мекенжайы анықталып ұсталды. Ол Леңгір қаласының бұрын сотты болған тұрғыны болып шықты. Оның үйіне тінту жұмыстарын жүргізу барысында, 1 полиэтилен пакетке салынған хош иісті есірткіге ұқсас зат тәркіленіп алынды. Сараптама тағайындалды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша тіркеді. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Одан бөлек, Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Кентау-Түркістан тас жолы бойындағы Оранғай ауылының тұсында күдік туғызған Оpel Astra автокөлігін тоқтатады. Тексеру кезінде автокөлік ішінен ордабасылық екі жолаушыға тиесілі есірткі заты марихуанаға ұқсас бір дана полиэтилен пакетке салынған зат табылады. Зерттеу қорытындысына сәйкес, алынған зат жалпы салмағы 722 грамм «марихуана» екені белгілі болды. Бұл дерек ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркелді. Күдіктілердің бас шарасы “қолхатта”.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері есірткінің заңсыз айналымы мен таралуына байланысты қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру