«Жібек жолы» шекара бекетінде есірткі контрабандасы бойынша күдікті ұсталды
Түркістан облысының полицейлері есірткіге байланысты қылмыстың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек жолы» шекара бекетінде есірткі контрабандасы бойынша күдікті ұсталғаны туралы хабарлама келіп түсті. Анықталғандай, өткізу бекетінен өту кезінде шетелдік азаматтардың бірін «Имерек» атты қызметтік ит белгі беріп тоқтатқан. Өз кезегінде шекарашылар туған жеріне бет алған Өзбекстан азаматын ұстап, жедел-тергеу тобын шақырады. Жедел уәкілдер күдіктіні тінту кезінде құрамында өсімдік тектес есірткі заты бар полиэтилен түйіншегін тауып, тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі жалпы салмағы үш грамнан асатын «кептірілген марихуана» болып шықты. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 286-бабы (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша СДТБТ-де тіркелді. Ер адам қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ал, Төлеби ауданында полицейлер жергілікті тұрғындардың бірінің есірткі сату фактісінің жолын кесті. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Төлеби АПБ-нің қызметкерлері бұрын сотты болған тұрғынды есірткі сатқаны үшін ұстады. Заттай дәлел ретінде тәртіп сақшылары одан марихуанаға ұқсас есірткі заты бар қағаз бумасын тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы алты грамнан асты. Күдікті қамауда. Есірткі сату жайты бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабымен (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу күдіктінің басқа да осыған ұқсас есірткі қылмыстарын жасауға қатыстылығын анықтауда.
Сонымен қатар, «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Ордабасы АПБ-нің полицейлері есірткіні заңсыз сақтау және тасымалдау жайттарын анықтады. Ауыл көшелерінің бірінде учаскелік инспекторлар Созақ ауданы тұрғынының басқаруындағы «Мазда» маркалы автокөлікті тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде полицейлер жүргізушінің мас күйде екенін анықтады. Одан кейін полиция қызметкерлері автокөлік салонынан есірткісі бар екі полиэтилен пакетті түсіріп, тәркіледі. Қорытындыға сәйкес, тәркіленген есірткі жалпы салмағы шамамен 100 гр болатын «кептірілген марихуана» болып шықты.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабымен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Полицейлер ер адамның есірткі заттарын қандай мақсатта сақтағанын анықтау үстінде.
Атап өтсек, Түркістан облысының полицейлері жыл басынан бері заңсыз айналымнан 6,5 тоннадан астам есірткі затын алды. Оның ішінде 4,5 грамнан астамы героин, 48 кг шамасында гашиш және 786 кг марихуана. Оған қоса аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз сақтаудың 20 дерегі, есірткі өткізудің 61 жайты анықталды. Тәртіп сақшылары контрабанданың 29 жайтының жолын кесті және есірткі егумен айналысқан 75 егісті жойды.
Сондықтан, соңы ғасыр дертіне әкелетін заңсыз заттарды сақтау, сату, қолдануға үйір болмау қажет. Салауатты өмір салтын ұстаныңыздар!