Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Патрульдік полицейлер жол үстіндегі жүргізушілерге көмекке келді

Солтүстік Қазақстан облысында патрульдік полицейлер жол үстіндегі жүргізушілерге көмекке келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Он үш градус аяз, патрульдік полицейлер бізге көмек көрсетуде. Рақмет, жігіттер!” – Жамбыл ауданының Пресновка а. маңында тоқтап қалған жүк көліктерінің бірінің жүргізушісімен түсірілген бейнежазбада осылай делінген. Олар Орталық ауылынан шымкенттік шаруашылықтардың біріне мал тасымалдап жүрген. Алдындағы “Iveco” көлігінің шинасы тесілген. 20:30 шамасында оларды патрульдік полицейлер Әміржан Тоққожин мен Қанат Теңізбаев байқайды. Екеуі “Қостанай-Мамлютка” тас жолына түнгі ауысымға кезекшілікке енді ғана түскен.

Көліктерін жөндеп бола алмай жатқан жүргізушілерге тәртіп сақшылары көмектерін ұсынды. Абырой болғанда, біраз жылдар қызмет атқарып қалған екі тәртіп сақшысының да ауыр жүк көлігі техникасынан хабалары бар болатын. Күш біріктірудің арқасында көлік ақауы қалпына келтірілді, жүргізушілер болса, алғыстарын жаудырып, сапарларын жалғастырды. “Кәсіби мамандар!” – деп бағалаған бейнежазба түсірген жүргізуші.

– Аязды күнгі жылы лебіздер жанды жылытады, – деп әзілдеді Әміржан Тоққожин. – Алғыс сөз есту қашанда жағымды ғой, дегенмен, біздің іс-әрекетімізде айтарлықтай ештеңе жоқ. Жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік – біздің жұмысымыз, әрі жүргізушілер арасындағы қалыптасқан қағида бойынша мұндай жағдайда өтіп кету мүмкін емес.

СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Ерлан Мәдиевтің айтуынша, жолда қиын жағдайға түскен жүргізушілерге көмек көрсету – экипаждардың ауысымға түсерде алатын күнделікті нұсқауларының бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру