Жоғалған жасөспірімді Түркістан облысының полицейлері үйіне қайтарды
Түркістан облысының полицейлері жоғалған 17 жастағы қызды тауып, отбасына табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-на жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда әйел кешкі сағат 21.00 шамасында қызы үйінен шығып кетіп, содан хабарсыз кеткенін көрсеткен. Жасөспірімнің отбасы оны өз беттерінше іздегенімен еш нәтиже шықпаған соң, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.
Қазығұрт АПБ-ның қызметкерлері толық құрамда қызды іздеуге кірісті.
Тәртіп сақшылары жоғалған қызды тез арада табу мақсатында көрген-білгендерден, көріп немесе білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде аз уақыттың ішінде қыздың тұрақтаған жері анықталды. Ол Қазығұрт ауданында орналасқан құрбысының үйінен табылды. Қазіргі таңда жасөспірім қыз ата-анасына аман-есен табысталды.
Қыз анасының рұқсат бермегеніне қарамастан, жұмыс істеймін деп үйінен шығып кеткендігі анықталды. Өз кезегінде қызының дін-аман табылғанына қуанып, анасы полицейлерге алғысын білдірді.