Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жоғалған 5 жасар қызды Түркістан облысының полицейлері тапты

Түркістан облысының полицейлері жоғалған бес жасар қызды тауып, анасына табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазығұрт АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғыннан хабар келіп түскен. Оның айтуынша, Шымкент қаласынан келе жатып, үйіне базарлық алу мақсатында базардан түсіп қалған. Жанында екі баласы бар әйел, азық-түлік алып тұрған сәтінде қасынан қызын таппай қалған. Содан соң өз беттерінше іздеп көрген, алайда таба алмаған соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.

Аталған жайтқа байланысты Қазығұрт АПБ аға учаскелік полиция инспекторы Талғат Нұрбеков пен ювеналдық полиция тобының полицейі Перизат Иманова қоңырау түсісімен оқиға орнына жедел жетті. Барлық аймақтарды жіті бақылап, жоғалған қызды табуға бағытталған шаралардың барлығын жүргізді. Нәтижесінде 3-4 шақырым жерде ата-анасын таба алмай жүрген бес жасар қызды тауып, анасына аман-есен табыстады.

Белгілі болғандай, анасы азық-түлік алып тұрған уақытында қызы басқа бір әйелді анасына ұқсатып артынан еріп жүре берген. Содан соң біршама жер алыстаған соң анасының қасында жоқтығын білген. Осылайша ата-анасын іздеп базар маңынан алыстай берген.

Өз кезегінде бүлдіршіннің анасы полиция қызметкерлерінің атқарған қызметтеріне:

– Мен, Шымкент қаласынан қыдырып келе жатып, Қазығұрт ауданындағы базарда жүріп, қызымды абайсызда жоғалтып алдым. Біраз сандалып таба алмаған соң, Қазығұрт аудандық «102» нөміріне хабарласып, қызымды тауып берулерін сұрадым. Содан соң Перизат есімді қыз бен Талғат есімді жігіт лезде жетіп келіп, жоғалып жүрген қызымды тауып берді. Менің Қазығұрт АПБ-ның полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз. Және алдағы уақыттарда да жақсы жұмыстар атқарып, халықтың алғысына бөленетіндеріне сенемін. Жұмыстарына тек қана сәттілік тілеймін, – деп шынайы ризашылығын жеткізді.

Түркістан облысы полицейлері ата-аналарға өздерінің балаларына қырағы болуды, олар аулаға немесе көшеге ойынға шыққан кезде, назардан тыс қалдырмау қажеттігін ескертеді. Балалар мен туған-туыстарыңыз жоғалған жағдайда, шұғыл «102» телефоны бойынша полицияның көмегіне жүгіну керек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру