Жоғалған бұзаулар иесіне аман-есен қайтарылды
СҚО полицейлері иесіне жоғалған сегіз бұзауын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауыл тұрғынының жоғалған 6 ай мен 9 айлық 8 бас бұзауы иесіне аман-есен қайтарылды. 27 қыркүйекте Тайынша ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне осы аудандағы Кантемировец ауылының тұрғынынан еркін жайылымда жүрген бұзаулары жоғалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Ауыл тұрғынына осыншама бас малды жоғалту үлкен шығын болар еді. Екі күн бойы өз күшімен іздеуден еш нәтиже шықпаған соң, ол учаскелік полиция инспекторына жүгінген. Үй жануарларын іздеуге аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің екі тобы жұмылдырылды. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Кантемировец, Баракөл, Киров, Мирное және Котовское ауылдарында аула бойы тексеріс жүргізілді. Қалған полицейлер Аққайың ауданына ат басын бұрып, Қиялы, Новороссийское, Черкасское, Трудовое селоларын аралап шықты. Келесі тәулікте бұзаулар көрші аудандағы Черкасское және Новороссийское ауылдарының арасындағы алқаптан табылды. Жоғалған мал түгел табылып, иесіне қайтарылды. Тайынша ауданының ПБ бастығы полиция подполковнигі Нұрлыжан Ақтановтың айтуынша, барлық селолық учаскелік полиция инспекторларына мал иелерімен профилактикалық жұмысты күшейту туралы тапсырма берілген. Күздің жылы күндері малды бағуды ұйымдасқан түрде жалғастырып, суық түскен кезде қысқы қораны қамдап, нығайту қажет.
СҚО ПД баспасөз қызметі