Жоғалған телефон ақшаның ұрлануына себепкер болды
Теміртау тұрғыны бөтен біреудің ұялы телефонын тауып алып, оның иесінің шотынан 50 мың теңге ақшасын басқа карточкаға аударып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 желтоқсанда Қарағанды қаласының Михайлов полиция бөліміне 31 жастағы азамат хабарласып, екі күн бұрын ұялы телефонын жоғалтып алғанын және бөтен біреудің оны тауып алып, мобильдік қосымша арқылы жәбірленушінің шотынан 50 мың теңгені басқа карточкаға аударып жібергенін айтты.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалды.
Тексеру барысында қаскүнемнің ақшаны қайтыс болған басқа тұлғаның банк карточкасына аударып, сосын банкомат арқылы шешіп алғаны анықталды.
13 желтоқсанда криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмысты жасаған Теміртау қаласының 22 жастағы тұрғынын ұстады. Одан жәбірленушінің ұялы телефоны тәркіленді.