Жол ережесін өрескел бұзған қызылордалық жауапқа тартылды
Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған “ВАЗ” автокөлігінің жүргізушісіне қатысты шара қолданылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласының көшелерінде шектен шыққан тәртіпсіз әрекеттері бейнеленген белгісіз тұлғаның бейнетүсірілімі желіде кең таралып, тәртіп сақшыларының назарынан тыс қалмады.
Сол күні бейнежазба бойынша жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізген Қызылорда қаласының Полиция басқармасы жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері “ВАЗ-21099” маркалы автокөлігінің 18 жастағы жүргізушісінің жеке басын анықтап, жауапкершілікке тартты.
Заңсыз іс-әрекеттері үшін құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 596-бабының 5-бөлігімен (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу, егер бұл жол жүрiсi қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына, оның ішінде кері бұрылып немесе бұрылыс жасап шығу, көлік құралын басқару құқығынан айырылған не ондай құқығы жоқ адам жасаған әрекет);
602-бабының 1–бөлігімен (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң тәулiктiң жарық мезгiлiнде сыртқы жарық түсiру аспаптарын және (немесе) дыбыс сигналдарын пайдалану қағидаларын бұзуы);
612 -бабының 2– бөлігімен (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) әкімшілік хаттамалар толтырылды. Автокөлік айыппұл алаңына қойылды.
– Қызылорда облысы Полиция департаментімен әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргіземіз, анықталған заң бұзушылықтар бойынша бірден шаралар қабылдануда. Сондықтан жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін, жол белгілерінің нұсқамаларын қатаң сақтап, көлік құралдарының тұраққа қойылуы мен тоқтауы, пайдалану ережелерін жауапкершілікпен мүлтіксіз орындауы қажеттігін ескертеміз»-деді департамент бастығы Сұлтан Бектөре.