Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен жүргізушіге тұрғындар көмектесті
Тұрғындар СҚО полицейлерінің жол-көлік оқиғасы туралы мақаласын көріп, зардап шеккен көлік иесіне көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 тамызға қараған түні Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында «Skoda Superb» автомобилі жолда кенеттен пайда болған маралмен соқтығысты.
Жол-көлік оқиғасы шамамен сағат 00.10-да Бескөл ауылы маңында Нұр-Сұлтан – Петропавл автожолының 466 шақырымында орын алды. 40 жасар жүргізушінің өмірін қауіпсіздік жастығы сақтап қалған. Жүргізушінің жол-көлік оқиғасы фактісінен стресс алғаны, дала маралының өлуі, көлік құралының жағдайы айтуға келмейді.
Аталған жол-көлік оқиғасы БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланды. Сол күні кешке СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметіне елорда тұрғыны хабарласып, жәбірленушінің байланыс нөмірін сұрады. Мұндай ақпарат құпия болып саналады, алайда, қоңырау шалушының мақсатын білгеннен кейін көлік жүргізушісінің телефон нөмірін бердік. Skoda Club Astana мүшелерінің атынан Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Дархан Қалыбай хабарласқан екен. Орын алған жағдай туралы естіген автокөлік иелері Солтүстік Қазақстанда зардап шеккен жүргізушіге көмек көрсету туралы шешім қабылдаған.
Жүргізушілердің ниеті, жай ғана қолдауы жанға жылу сыйлады: – Жүргізушілердің бірлесіп, мүлде танымайтын адамға көмек көрсетуге ниеттенуі жиі кездесетін жағдай емес. Соңғы кезде орын алған жағдайлар құндылықтарға жаңаша қарап, ешқандай мақсатсыз көмек көрсету мен қолдауды алға шығаруға әсер етті деп ойлаймын. Бұл өте тамаша бастама, – деді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Григорий Тыш.
Автоклуб жігіттері шамалы қаржы жинап, жүргізушінің картасына аударған екен. Жүргізуші де Петропавл қаласына жұмыстарымен келген Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болып шықты. Бейтаныс адамдардың қолдауы ол үшін күтпеген жерден болды, сондықтан оның қуанышы еселене түсті. Бұдан бөлек, жігіттер астанадағы «ProVag» техникалық қызмет көрсету орталығымен көліктің қозғалатын және техникалық бөлігін жөндеу кезінде жеңілдіктер жасау туралы келіскен.