Жол қозғалысы ережесін бұзудың 354 дерегі анықталды
Қызылордада "Қауіпсіз жол" жедел профилактикалық шарасының бір күнінде 300-ден аса құқық бұзушылық анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің және Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлерімен облыс көлемінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қыркүйек айының 22-24 күндері аралығында "Қауіпсіз жол" жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Көлік құралын мас күйінде басқару, жолдың қарсы бағытына шығу, жылдамдық режимін бұзу, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өтпелерінен өту ережелерін бұзу деректерін анықтауға 300-ден астам қызметкер жұмылдырылды.
Іс-шараның бір күнінде жол қозғалысы ережесін бұзудың барлығы 354 дерегі анықталды.
Оның ішінде заңсыз қайта жабдықтаудың - алты, міндетті техникалық қарап-тексеруден өтпеген - 15, ұялы телефонмен сөйлесудің - 38, белгіленген жылдамдық мөлшерін арттырудың - 39, қауіпсіздік белдігін пайдалану ережесін бұзудың - 64, маневр жасау ережесін бұзудың - 12, жаяу жүргіншіге жол бермеудің - 13, алкогольді масаң күйде көлік құралын басқарудың - бес, құжатсыз көлік құралын басқарудың 51 дерегі анықталды.