Жолаушылар пойызын тоқтатқан азаматша әкімшілік жауапкершілікке тартылды
«Жыл басынан бері темір жол төсемдерінің белгіленбеген орындарынан өткені үшін 283 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Көліктегі полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Байкенов.
Оның айтуынша, соңғы апта ішінде пойыздарды шұғыл тежеудің 38 фактісі, оның ішінде 21 факт темір жол үстіне малдардың шығып кетуі, ал 14 факт адамдардың жүруіне байланысты орын алған. Сондай-ақ, тоқтату-кранын жұлудың 2 фактісі тіркелген.
Ағымдағы жылғы 27 ақпанда Шымкент станциясындағы желілік полиция бөліміне «Алматы-Ташкент» бағытындағы жолаушылар пойызының Шымкент станциясынан жөнелтілуі кезінде тоқтату-кранының жұлынғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Тез арада оқиға орнына келген көлік полицейлері тексеру барысында Алматы қаласының 52 жастағы тұрғынын анықтады. Оның айтуынша, поездан түскен кезде өзінің ұялы телефонын купеде қалдырып кеткенін байқаған, артынша ол купеге келіп телефонын алып вагоннан шықпақшы болғанда пойыз жүріп кеткен, ол вагоннан түсу үшін амалсыздан тоқтату-кранын жұлған. Пойыздың жоспарланбаған аялдауы төрт минутты құрады.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 560-бабы 1-бөлігі, яғни, жүк пойыздарында заңсыз жүрiп-тұру, пойыз жүрiп бара жатқанда отырғызу және түсiру, вагондардың тепкiшектерi мен төбесiнде жүрiп-тұру, қажетсiз ретте пойызды заңсыз тоқтату бойынша оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салынды.
Дәл сол күні осыған ұқсас жағдай Ақтөбе станциясында да орын алды. «Мәскеу-Ташкент» бағытындағы жолаушылар пойызының Ақтөбе станциясынан қозғалу кезінде тежегіш краны аталған пойыздың вагондарының бірінің жолсерігімен жұлынған. Жолсерік шығарып салушылардың вагоннан шығып үлгермеуіне байланысты тежегіш кранын жұлғанын айтқан. Жолсерікке қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, оған 5 АЕК көлемінде айыппұл тағайындалды.
Көлік полициясы азаматтарға өте мұқият болуды және жол жүру барысында барлық тасымалдау ережелерін сақтауды ескертеді. Тоқтату-кранының жұлынуы нәтижесінде қозғалыс кестесі бұзылып, кенеттен күрт тежеу салдарынан жолаушылардың жарақаттану қаупі туындайды.